Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Халықаралық қарттар күніне орай өңірдің ардагерлерімен кездесіп, оларға құрмет көрсетті. Мерекелік бағдарлама аясында қариялар тарихи орындарға зиярат жасап, ұлттық қолөнермен танысып, театр қойылымын тамашалады.
Түркістан облысында Халықаралық қарттар күніне орай аға буын өкілдеріне арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров ардагерлермен бірге күн өткізіп, олардың әңгімесін тыңдап, ақ батасын алды.
Кездесу Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етуден басталды. Қасиетті мекенде 50 ардагердің қатысуымен Құран бағышталып, елдің тыныштығы, халықтың бірлігі мен келер ұрпақтың амандығы үшін дұға жасалды.

Бұдан кейін қариялар мен облыс әкімі «Қолөнершілер» орталығына барды. Онда ұлттық нақыштағы бұйымдар көрмесімен танысып, ағаш пен темір өңдеу, зергерлік өнер және дәстүрлі қолөнер үлгілерін тамашалады. Ардагерлер асық ату, ләңгі тебу және садақ ату сияқты ұлттық ойындарға да қатысты. Жас шеберлермен әңгімелесу барысында ұлттық мұраны сақтап, оны кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңызы сөз болды.
Мерекелік бағдарлама Түркістан музыкалық драма театрында жалғасты. Қонақтар «Вальс королі» қойылымын тамашалап, рухани демалысқа мүмкіндік алды. Театрдан кейін облыс әкімі мен ардагерлер келесі іс-шара өтетін орынға қоғамдық автобуспен бірге барды. Жол бойында қариялар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, өңірдің дамуы мен қоғамдағы өзгерістер жөнінде пікір алмасты.

Күннің басты шарасы «Қарттарым – қазынам» атты мерекелік жиынмен жалғасты. Жиында Нұралхан Көшеров ардагерлерді мерекемен құттықтап, олардың елдің өркендеуіне қосқан үлесін атап өтті.
«Қариясын құрметтеу – қазақтың қанына сіңген қасиет. Ардагерлер – еліміздің алтын қоры. Тәжірибесі мол аға буынның өмір жолы біз үшін аса құнды. Бүгінгі бейбіт өмір мен ел жетістіктерінде сіздердің еңбектеріңіз зор», – деді облыс әкімі.
Шара барысында тыл еңбеккерлеріне, өңірдің дамуына үлес қосқан еңбек ардагерлері мен зиялы қауым өкілдеріне облыс әкімінің, облыстық мәслихаттың және облыстық ардагерлер кеңесінің алғыс хаттары табысталды.
Сонымен қатар облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов ұрпақ сабақтастығы, ел бірлігі мен қоғамдық тұрақтылықты нығайтудағы аға буынның рөлі туралы сөз сөйледі. Мерекелік кеш концерттік бағдарламамен түйінделді.
Бұдан бөлек, облыс әкімі бірнеше қарияның үйіне арнайы барып, хал-жағдайын білді және ақсақалдардың батасын алды.
Қазіргі таңда Түркістан облысында 212 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Өңірде Ұлы Отан соғысының 3 ардагері, 2 145 тыл еңбеккері және жасы 100-ден асқан 39 қария бар.

Облыста егде жастағы азаматтарды әлеуметтік қолдау және олардың белсенді өмір сүруіне жағдай жасау бағытында жұмыстар жүргізілуде. Жыл сайын шамамен 7,8 мың ардагер екі ардагерлер үйінде 14 күндік сауықтыру және демалыс қызметтерін алады. Сондай-ақ аудан-қалалардағы «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтары жыл сайын 15 мыңға жуық зейнеткерге түрлі қызмет көрсетеді.
+ 7 775 186 2113
Астана қаласы, Мәңгілік Ел көшесі, 8, 17В блок, 204-кабинет (Журналистер үйі)
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.