Кембридж университетінде Орталық Азиядағы ортағасырлық қалалардың тарихы мен археологиясына арналған халықаралық ғылыми конференция өтті. Жиында түркістандық ғалымдар Отырар мен оңтүстік өңірдегі ортағасырлық қалаларға қатысты зерттеулерінің нәтижелерін таныстырды.
«Ортағасырлық Орталық Азиядағы урбанизм мен қала тұрақтылығын зерттеудің археологиялық тәсілдері» атты конференцияны Кембридж университетінің King’s College жанындағы King’s Silk Roads бағдарламасы мен McDonald Institute for Archaeological Research ұйымдастырды.
Ғылыми басқосуда Отырар қаласының даму тарихы, Оңтүстік Қазақстанда исламның таралуының алғашқы кезеңдері, Отырар оазисіндегі Қаңлы дәуірінің қоныстары, археологиялық картография, X–XV ғасырлардағы экономика мен сауда байланыстары, су жүйелері, егіншілік және жерлеу дәстүрлері талқыланды.
Қазақстандық ғалымдар қатарында археолог, тарих ғылымдарының докторы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Мұхтар Қожа, қауымдастырылған профессор, PhD Бақдәулет Сыздықов, Халықаралық туризм және меймандостық университетінің оқытушысы, PhD Әли Әлімбекұлы және Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ оқытушысы, докторант Шыназ Алмазұлы болды.
Профессор Мұхтар Қожа әріптестерімен бірге Отырар рабадындағы тұрғын үйлерден табылған михрабтарға қатысты зерттеуін таныстырды. Баяндамада 2025 жылы жүргізілген археологиялық қазба нәтижелері, қаланың стратиграфиясы және радиокөміртекті зерттеу деректері қамтылды. Ғалымдар бұл материалдар Оңтүстік Қазақстанда исламның таралуының алғашқы кезеңдерін археологиялық деректер арқылы нақтылауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Бақдәулет Сыздықов Келес аңғарындағы қалалық мәдениеттің қалыптасуы және Күлтөбе қалашығында жүргізілген археологиялық зерттеулер туралы баяндады. Әли Әлімбекұлы Отырар мен Құйрықтөбедегі жерлеу орындарының архитектуралық ерекшеліктерін талдады. Ал Шыназ Алмазұлы Күлтөбе қалашығындағы зерттеу жұмыстарының нәтижелерін таныстырды.
Конференцияға Отырар мен Орталық Азияның ортағасырлық қалаларын зерттеп жүрген шетелдік ғалымдар да қатысты. Кембридж университетінің археологы, доктор Кэти Кэмпбелл Отырардың қалалық даму циклі туралы зерттеуін ұсынды.
Қазақстандық ғалымдардың Кембриджге сапары Ғылым және жоғары білім министрлігі қаржыландыратын «Қазақстанға ислам дінінің енуін және таралуын археологиялық және жазба деректер негізінде зерттеу» ғылыми бағдарламасы аясында ұйымдастырылған.
Іссапар барысында ғалымдар Кембридж университеті мен Британ музейі кітапханаларының қорларындағы Қазақстан мен Орталық Азияға исламның енуі мен таралу тарихына қатысты жазба деректер мен қолжазбаларды зерттеді. Сонымен қатар Түркістан, Отырар және Тараз қалаларындағы тарихи нысандардан алынған үлгілер Кембридж университетінің зертханасына ғылыми талдау жүргізу үшін тапсырылды.
Ғалымдар 2025 жылдан бері Отырарда археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. Биылғы зерттеулер барысында Алтын Орда дәуіріне жататын мешіт орны, тас төселген көше, баспалдақ тәрізді құрылымдар, жерлеу орындары және түрлі археологиялық жәдігерлер анықталған.
Бұдан бөлек, Мұхтар Қожа Кембридж университетінде «Абылай ханның қабірінің зерттелуі» тақырыбында арнайы баяндама жасады. Ғалым университет кітапханасына «Абылай хан», «Ортағасырлық Отырар: аңыздар, деректер, зерттеулер» және «Позднесредневековые города и поселения Казахстана» атты ғылыми еңбектерін сыйға тартты.
Іссапар кезінде қазақстандық ғалымдар Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Әлібек Бақаевпен де кездесті. Тараптар археология және тарих салаларындағы халықаралық зерттеу жобаларын жүзеге асыру, ғылыми деректер алмасу және академиялық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
+ 7 775 186 2113
Астана қаласы, Мәңгілік Ел көшесі, 8, 17В блок, 204-кабинет (Журналистер үйі)
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.