Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Астанада шығармашыл жастармен кездесіп, жаңа технологиялар, креативті индустрия және мемлекеттік қолдау бағдарламаларының мүмкіндіктерін талқылады. Жиында Президент Жолдауындағы басым міндеттер де сөз болды.
Астанада өткен ашық кездесуге түрлі салада еңбек етіп жүрген жастар қатысты. Олардың қатарында кәсіпкерлер, өнер иелері, медиа мамандары, зерттеушілер, спортшылар, грант иегерлері мен жастар қозғалыстарының өкілдері бар.
Жиында Арман Қырықбаев жастар саясатының алдағы бағыттарына тоқталып, елдің дамуы білімді, бәсекеге қабілетті және бастамашыл буынға тікелей байланысты екенін айтты.
Министр қазіргі кезеңде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект экономиканың жаңа мүмкіндіктерін қалыптастырып жатқанын атап өтті. Бұл үрдіс мәдениет пен ақпарат саласына да әсер етіп, жастар үшін жаңа кәсіби бағыттар мен шығармашылық жобаларды жүзеге асыруға жол ашады.
Осы орайда шығармашыл жастарға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары таныстырылды. Атап айтқанда, «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты бойынша жыл сайын 30 жасқа 3 миллион теңгеден бөлінеді. Сонымен бірге еліміздің барлық 20 өңірінде креативті хабтар жұмыс істейді. Олар жас таланттардың бастамаларын дамытуға және отандық өнімдерді кеңінен танытуға мүмкіндік береді.
Кездесуде білім мен зияткерлік әлеуетті арттыру мәселесі де назардан тыс қалмады. Арман Қырықбаев кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың маңызын атап, 1 қыркүйектен бері өтіп жатқан «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонына тоқталды.
Бұдан бөлек, қатысушылар ұлттық мәдениетті сақтау, қазақстандық авторларды қолдау және қоғамдағы жауапкершілік мәдениетін нығайту жөнінде пікір алмасты. «Адал азамат», «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» бастамалары аясындағы құндылықтарды жастар арасында дәріптеу мәселесі де қозғалды.
Министр заманауи білім мен технологияны меңгеру ұлттық құндылықтарға құрметпен және белсенді азаматтық ұстаныммен қатар жүруі керектігін жеткізді.
Кездесу еркін пікір алмасу форматында жалғасты. Жастар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныстарын білдірді. Сондай-ақ елдің дамуына және Президент бастамаларын жүзеге асыруға белсенді қатысуға дайын екендерін атап өтті.
+ 7 775 186 2113
Астана қаласы, Мәңгілік Ел көшесі, 8, 17В блок, 204-кабинет (Журналистер үйі)
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2026
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.