Санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің аумақтық органдары 60 жаңа автокөліктің кілтін алды
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ҚР Денсаулық сақтау министрлігі санитариялық-эпидемиологиялық қызметті дамыту және нығайту үшін шаралар қабылдауда, деп хабарлайды Turkistan Today.
Биыл республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, 60 бірлік автокөлік сатып алынды (2022 жылы – 132), олар өңірлердің санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдарына ресми түрде тапсырылды.
Автокөлік кілттерін табыстаудың салтанатты рәсімінің бірі бүгін Қонаев қаласында өтті.
ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Жұртшылықпен байланыс басқармасының басшысы Жасұлан Алпысбаев, облыстың Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Марат Исмаилов салтанатты жағдайда Алматы облысының санитариялық-эпидемиологиялық қызметінің аудандық басқармаларына 14 автокөліктің кілтін табыс етті.
«Санитариялық-эпидемиологиялық қызметті нығайту және дамыту халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қатерлерге уақтылы және жедел ден қоюға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Ж. Алпысбаев.