Жаз мезгілі басталғанда еліміздегі мыңдаған отбасы жас талапкердің болашағына қатысты маңызды шешім қабылдауға кіріседі. Абитуриенттер жоғары оқу орындарын, білім беру бағдарламаларын, оқу ақысы мен кампустардағы жағдайды салыстырып, өздеріне қолайлы нұсқаны таңдауға тырысады. Алайда осы қарбалас кезінде ең басты мәселе кейде екінші орынға ысырылып қалады. Ол – төрт жылдан кейін бүгінгі талапкер қандай маман болып, қай салада еңбек ететіні туралы сұрақ,— деп хабарлайды turkistan.today порталы egemen.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазіргі таңда жастар алдымен университетті емес, өзінің болашақ кәсіби бағытын, атқаратын қызметін және мансаптық даму жолын анықтауы қажет. Ұзақ уақыт бойы жоғары оқу орны, студент пен жұмыс беруші арасындағы жауапкершілік белгілі бір шеңберде бөлініп келгені белгілі. Университет білім береді, студент оқиды, ал жұмыс беруші жас маманды еңбек процесіне бейімдейді деген түсінік қалыптасты.
Алайда бүгінгі заман бұл дәстүрлі ұстанымның жеткіліксіз екенін көрсетіп отыр. Технологияның даму жылдамдығы білім беру бағдарламаларының жаңаруынан әлдеқайда жоғары. Жасанды интеллект адамның бұрын атқарып келген көптеген міндеттерін автоматтандыруда. Сондықтан қазіргі еңбек нарығы жас маманнан тек теориялық білімді ғана емес, ақпаратты дұрыс талдауды, командамен тиімді жұмыс істеуді, өзгерістерге тез бейімделуді және жаңа технологияларды жылдам меңгеруді талап етеді.
Осындай өзгермелі жағдайда диплом алу университет миссиясының соңғы кезеңі ретінде қарастырылмауы керек. Әрине, жоғары оқу орны кадр іріктейтін агенттік емес және әрбір түлекке нақты жұмыс орнын қамтамасыз етуге кепілдік бере алмайды. Өйткені жұмысқа орналасу ел экономикасының жағдайына, белгілі бір саланың даму қарқынына және ең алдымен жас маманның жеке белсенділігіне байланысты.
Университеттің басты міндеті – жасты алғашқы жалақысын алуға ғана емес, саналы әрі табысты кәсіби өмірге дайындау. Білім алу барысында қалыптасқан жауапкершілік, құндылықтар және өмір бойы білімін жетілдіруге деген ұмтылыс – түлек үшін ең маңызды капиталдың бірі.
Бұл бағыт мемлекеттік саясаттың басымдықтарымен де сабақтас. Жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында дуальді оқытуды кеңейту, білім мазмұнын түлектердің кейінгі жұмыспен қамтылуымен тығыз байланыстыру міндеттері белгіленген.
Қоғамда кәсіптік бағдар беру көбіне мектеп оқушыларына арналған жұмыс ретінде қабылданады. Бірақ шын мәнінде университетке түсу – кәсіби жолды таңдаудың аяқталуы емес, керісінше, оның басталатын кезеңі. 17–18 жастағы талапкер болашақ мамандығы туралы белгілі бір түсінікке ие болғанымен, оның барлық қырын толық біле бермеуі мүмкін.
Сондықтан кәсіптік бағдар беру жұмысы студенттің барлық оқу кезеңін қамтитын жүйелі үдеріске айналуы қажет. Бірінші курстан бастап студентке таңдаған мамандығы бойынша қандай кәсіби мүмкіндіктер бар екені және еңбек нарығының негізгі бағыттары түсіндірілгені жөн. Екінші курста студент кәсіби ортамен жақынырақ танысып, өндіріс орындарына барып, нақты кейстерді шешу арқылы теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруы керек. Үшінші курста сапалы өндірістік тәжірибеге, тағылымдамаларға және кәсіби портфолио қалыптастыруға басымдық берілуі қажет. Ал соңғы курста түйіндеме дайындау, жұмыс сұхбаттарына әзірлену және еңбек жолын бастауға қажетті кеңес беру арқылы университеттің қолдауы күшейе түсуі тиіс.
Мансаптық бағдар беру диплом алдында өткізілетін бір реттік науқан болмауы керек. Бұл – студент университет табалдырығын аттаған сәттен бастап еңбек нарығына сенімді қадам басқанға дейін жалғасатын үздіксіз процесс.
Көптеген жоғары оқу орындарында ұзақ уақыт бойы мансап орталықтарының жұмысы негізінен статистикалық мәліметтер жинаумен шектеліп келді. Бірақ қазіргі жағдайда тек жалпы сандық көрсеткіштермен шектелу жеткіліксіз. Заманауи мансап орталығы студент, білім беру бағдарламасы және жұмыс беруші арасындағы байланысты қамтамасыз ететін белсенді кәсіби алаңға айналуы қажет.
Мысалы, «Human Capital Forum 2026» аясында Esil University жаңа форматты сынақтан өткізді. Әртүрлі бағыттарда білім алған он түлек іріктеліп, жетекші жұмыс берушілерге таныстырылды. Осылайша студент жұмыс беруші үшін жай ғана статистикадағы көрсеткіш емес, өзінің білімі, қабілеті және кәсіби мақсаты бар нақты тұлға ретінде ұсынылды.
Биыл Esil University шамамен 800 маманды түлетіп шығарды. Әр түлектің кәсіби мәртебесі анықталып, олардың жұмысқа орналасу мүмкіндіктері қарастырылды. Сонымен қатар білімін әрі қарай жалғастыру, кәсіпкерлікпен айналысу немесе қосымша даярлық бағдарламаларына қатысу мүмкіндіктері де зерделенді.
Бұл – үлкен ұйымдастырушылық жұмысты қажет ететін ауқымды процесс. Университеттің Мансап орталығының рөлін де біртіндеп жаңғырту қажет. Ол тек түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіштерін жинайтын бөлім емес, студент пен кәсіби орта арасындағы тұрақты байланысты қалыптастыратын ашық алаң болуы тиіс.
Жұмыс берушілер университетке тек бос жұмыс орындары жәрмеңкесі кезінде ғана келмеуі керек. Сол сияқты студенттер де еңбек әлемімен тек міндетті өндірістік тәжірибе барысында ғана таныспағаны жөн. Кәсіби ортамен танысу оқу процесінің алғашқы кезеңінен басталуы қажет. Себебі кәсіби болашақ кездейсоқ қалыптаспайды. Ол ерте басталған диалогтың, дұрыс бағыттың және университет пен еңбек нарығы арасындағы тұрақты серіктестіктің нәтижесінде қалыптасады.
Esil University – Ұлыбританияның Chartered Management Institute ұйымымен бірлесіп CMI Recognition бағдарламасын жүзеге асырып отырған Орталық Азиядағы алғашқы әрі әзірге бірегей жоғары оқу орны. 2023 жылы жасалған ынтымақтастық туралы келісім нәтижесінде университеттің «Менеджмент» білім беру бағдарламасы халықаралық деңгейде мойындалып, басқару және көшбасшылық саласындағы CMI кәсіби стандарттарына сәйкестігін растады.
Осының арқасында аталған бағдарламада білім алатын студенттер мен магистранттар дипломмен бірге өздерінің даярлық деңгейінің халықаралық талаптарға сай екенін дәлелдейтін CMI халықаралық сертификатын алады. Қазіргі таңда Esil University-дің 105 білім алушысы, оның ішінде 79 бакалавриат студенті мен 26 магистрант CMI халықаралық сертификатына ие болды.
Бұл халықаралық мойындау болашақ мамандардың заманауи басқарушылық құзыреттерін дамытуға, олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және білім беру бағдарламасының әлемдік кәсіби талаптарға сәйкестігін көрсетуге мүмкіндік береді.
+ 7 775 186 2113
Астана қаласы, Мәңгілік Ел көшесі, 8, 17В блок, 204-кабинет (Журналистер үйі)
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.