Атыраудағы «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығына бүгінде 1000-ға жуық тұрғын тұрақты түрде қатысады.
Мұнда келушілердің қызығушылығына қарай 13 бағыт бойынша сабақ ұйымдастырылған, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Орталықтың алғашқы нүктесі 2023 жылы Балықшы шағынауданында ашылып, бүгінде, ӨКҚ мәліметінше, мұнда 300-ге жуық тұрғын қызмет алады. Ал Алмагүл шағынауданындағы орталыққа 680-ге жуық адам тұрақты қатысады.
Келушілер домбыра, киіз басу, емдік дене шынықтыру, би, йога, ән мен күй, шахмат, үстел теннисі секілді бағыттарды таңдай алады. Сонымен қатар ипподром мен бассейнге барып, белсенді демалыс өткізуге де мүмкіндік бар.
Орталықтың мақсаты – зейнет жасындағы азаматтардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып қана қоймай, олардың денсаулығын нығайтып, қызығушылығын арттыруға және жаңа орта қалыптастыруға жағдай жасау.
– Мемлекет басшысының тапсырмасымен ашылған орталыққа сұраныс жоғары. Мұнда үйірмелер мен сауықтыру бағыттарынан бөлек, әлеуметтік қызметтер де көрсетіледі. Жалғыз тұратын және көмекке мұқтаж егде жастағы азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсетеміз. Сонымен қатар 18 жасқа дейінгі ерекше балаларға да қажетті көмек қарастырылған, – деді «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының директоры Арман Досқалиев.
Орталыққа келушілер санының артуына байланысты оның үшінші нүктесін Нұрсая шағынауданында ашу жоспарланып отыр. Бұл тұрғындардың сұранысы негізінде жүзеге асырылмақ.
– Орталыққа келгелі өміріміз өзгерді. Өзімізді жаңа қырымыздан танып, денсаулығымыздың жақсарғанын байқадық. Жаңа орта тауып, өзіміз үшін өмір сүре бастадық. Осындай орталықтар көбейсе екен, – дейді орталық қызметін пайдаланушылар.
+ 7 775 186 2113
Астана қаласы, Мәңгілік Ел көшесі, 8, 17В блок, 204-кабинет (Журналистер үйі)
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2026
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.