Астанада Түркі мәдениеті және мұрасы қорының қолдауымен «Түркістан» атты екі томдық энциклопедияның тұсаукесері өтеді. Бұған дейін Түркістан қаласында ғылыми қауымдастыққа таныстырылған еңбек елорда оқырмандарына ұсынылмақ.
880 беттен тұратын басылым Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен «Ғылым» баспасынан жарық көрген. Жобаның жетекшісі әрі бас редакторы — тарих ғылымдарының докторы, академик Дархан Қыдырәлі. Жауапты редакторы — филология ғылымдарының кандидаты, мәдениет қайраткері Тұрдықұл Шаңбай.
Энциклопедияның басты ерекшелігі — Түркістан тарихын тек белгілі бір өңірдің шеңберінде емес, тұтас түркі өркениетінің тарихи және мәдени кеңістігі аясында қарастыруы. Екі томдықта қаланың қазақ халқының тарихындағы орны ғана емес, бүкіл түркі халықтарының ортақ тарихи жады мен рухани мұрасына қосқан үлесі де қамтылған.
Ғылыми жоба бес жыл бойы әзірленді
Энциклопедияны дайындау жұмыстары 2021–2025 жылдары жүргізіліп, оған 300-ден астам ғалым мен зерттеуші қатысты. Жоба аясында 4000-нан астам атау мен ұғым қайта зерделенді. Бұрын энциклопедиялық басылымдарда қамтылмаған тарихи тұлғалар, оқиғалар және жер-су атаулары туралы жаңа мақалалар әзірленіп, қолданыстағы материалдар тың ғылыми деректер негізінде толықтырылды.
Екі томдыққа Түркістан мен түркі әлемінің бірнеше мыңжылдық тарихына қатысты мәліметтер енгізілген. Онда археология, сәулет, этнография, әдебиет, фольклор, рухани мұра, тарихи тұлғалар мен елді мекендер туралы ғылыми-танымдық мақалалар әліпбилік тәртіппен жүйеленген. Басылым тарихи карталармен, фотосуреттермен, портреттермен, миниатюралармен және археологиялық ескерткіштердің бейнелерімен толықтырылған.
Жаңа энциклопедия 1998 жылы жарық көрген бір томдық «Түркістан» халықаралық энциклопедиясының мазмұнын кеңейтіп, кейінгі жылдардағы ғылыми зерттеулер мен өңірдегі өзгерістерді ескереді. Атап айтқанда, Түркістан облысының құрылуы, қаланың дамуы және оған ерекше мәртебе беру туралы заңның қабылдануы басылымда көрініс тапқан.
Ортақ мұраны танытуға бағытталған
Түркі мәдениеті және мұрасы қорының қолдауымен өтетін тұсаукесердің мақсаты — Түркістанның Қазақстан тарихындағы және түркі өркениетіндегі маңызын кеңінен насихаттау, жаңа ғылыми деректерді көпшілікке таныстыру және ортақ мәдени мұраға деген қызығушылықты арттыру.
Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, түркологтар, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, дипломаттар, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері және БАҚ өкілдері қатысады деп жоспарланған.
+ 7 775 186 2113
Астана қаласы, Мәңгілік Ел көшесі, 8, 17В блок, 204-кабинет (Журналистер үйі)
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.