Түркістан: Түлкібас ауданында ауқымды жобалар іске асып жатыр

Түркістан: Түлкібас ауданында ауқымды жобалар іске асып жатыр

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түлкібас ауданына арнайы іссапармен барып, аймақта іске асып жатқан жобаларды бақылады,- деп хабарлайды turkistan.today порталы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бірінші кезекте «Састөбе инновациялық кешені» ЖШС-не табан тіреп, қазіргі таңда атқарылып жатқан жұмыстар барысымен танысты. Жылына 100 тонна каустикалық сода, 120 мың тонна поливинилхлорид (ПВХ) және 1 млн. тонна цемент өндіретін кешеннің жоба құны 159,9 млрд теңгені құрайды. Қазіргі таңда зауытқа қажетті инфрақұрылым толық тартылып, басты нысанның жерін тегістеу жұмыстары атқарылуда. Нысан іске қосылған жағдайда 1000-ға жуық адам жұмыспен қамтылады деп күтіліп отыр. 

Сапар барысында Дархан Сатыбалды «Beibars Bottlers» (Бейбарс Ботлерс) ЖШС-нің құрылысымен танысты. Ауыз су және  хош иістері бар алкогольсіз сусын өндіретін зауыт жобасының жалпы құны – 9 000 млн теңге, жаңадан 94 адамға жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Жобаны орналастыру үшін жер телімі бөлінген, тегістеліп, іргетасы қаланған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары  жүріп жатыр. Кәсіпорынды электрмен, газбен қамту мәселесі өзекті болып тұр. Тиісті құжаттары әзірленген. 

– Бізге кәсіпорындар өте қажет. Жұмыс орындарын ашу, кәсіпорындарды көбейту,  инвестиция тарту жұмысын күшейтіңіздер.  Сүйемелдеу жұмыстарын жүргізу керек, – деген Дархан Сатыбалды жауапты басқармалар мен аудан басшыларына тапсырмалар берді. 

Іссапар барысында инвестициялық жобаларды көбейту,  «Ауыл аманаты»  жобасын тиімді үйлестіру,  «Таза Қазақстан»  акциясын сапалы атқару, көгалдандыру және ауылдардың тазалығын сақтау жұмыстарын жандандыру жөнінде тапсырмалар берілді. 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like
0
dislike
0
love
0
funny
0
angry
0
sad
0
wow
0