Түркістан облысының боксшылары Азия чемпионатынан 5 медальмен оралды

Түркістан облысының боксшылары Азия чемпионатынан 5 медальмен оралды

Астана қаласында бокстан 22 жасқа дейінгі жастар арасында Азия чемпионаты өтті. Байрақты додаға 25 елдің жұдырықты жігіттері мен қыздары қатысып, өзара тартысты жекпе-жектер өткізді,- деп хабарлайды Turkistan.today порталы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұлттық құрама сапында Түркістан облысының 5 спортшысы ел намысын қорғап, тамаша нәтиже тіркеді. Олардың еншісінде 2 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль бар. Туған жерге оралған өрендерді спорт саласының мамандары мен туған-туыстары зор құрметпен қарсы алып, сый-құрмет көрсетті.

Ринг төрінде атой салған жерлестеріміз қатарында 67 келіде шаршы алаңда қарсылас шыдатпаған Төрехан Сабырхан мен 75 келідегі Шұғыла Нәлібай сынды талантты ару алтыннан алқа тақты. Ал 52 келіде Бағжан Отынбай күміске қол жеткізсе, 63 келіде Аружан Жанабаева мен 63,5 келіде қолғап түйістірген Ахмет Үсен қола медальді қанағат етті. Айта кетейік, құрлықтық бәсекеде өзінің шеберлігімен көзге түскен Түркістан облысының спортшысы Төрехан Сабырхан «Үздік боксшы» номинациясын иеленді. 

Өңір мерейін асқақтатқан спортшылар – білікті басшы Сейтжан Жанысбаев жетекшілік ететін облыстық №5 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like
0
dislike
0
love
0
funny
0
angry
0
sad
0
wow
0