Түркістан облысы – Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан, тарихи және мәдени мұрасы бай, табиғи ресурстары мол өңір. Соңғы жылдары облыстың демографиялық көрсеткіштері оң динамиканы көрсетіп, халық санының өсуі мен жас құрылымының жақсаруы байқалуда. Бұл мақалада Түркістан облысының демографиялық ахуалы, оның ішінде халық саны, туу көрсеткіші, табиғи өсім, көші-қон, әлеуметтік қолдау шаралары және болашақтағы даму болжамдары қарастырылады,- деп хабарлайды turkistan.today
Облыс орталығы - Түркістан қаласы өзінің мәдени-тарихи мұрасымен ерекше. Соңғы жылдары қала қарқынды дамуда. Өңірдің табиғи ресурстары, экономикалық және мәдени әлеуеті айтарлықтай. 2024 жылдың қаңтар-маусым айларындағы жалпы өңірлік өнім көлемі ағымдағы бағамен 1,757 трлн теңгені құрап, 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4 пайызға артты.
Өнеркәсіптік өндіріс көлемі 2024 жылдың қаңтар-қараша айларында 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9%-ға өсті. Тау-кен өндірісінде өсім 5,8%-ды, өңдеу өнеркәсібінде – 12,6%-ды құрады. Ауыл шаруашылығы өнімдері 4,5%-ға артты. Бөлшек тауар айналымы 9,6%-ға, көтерме сауда көлемі 50,8%-ға өсті.
Түркістан облысы мал шаруашылығы мен егістікті дамытуға қолайлы өңір. Еліміздегі ақ алтын мақта да жалғыз осы Түркістанда өседі. Осы күні өндірістің де саны артып келеді.
Облыс орталығында соңғы жылдары көптеген ғимараттар салынып жатыр. Олардың арасында халықаралық әуежай бар. Қаланың инфрақұрылымында өзгеріс көп, табиғи газ тарту басталып кеткен, кәріздендіру жүйесін ретке келтіру, көгалдандыру, көшелерді абаттандыру сияқты жұмыстар атқарылып жатыр.
Түркістан облысының ең үлкен байлығы - адами капитал. Халық өте көп, тығыз орналасқан. Ол жерде бір гектар суармалы жердің өзі бір отбасын толық асырайды. Жерді үнемдеп, халыққа бекітіп бере отырып, халықтың алатын пайдасын көбейтуге мүмкіндік бар. Қазір Түркістан облысында 900 мыңға гектарға жуық егістік жер бар (110 мың га мақта, 46 мың га көкөніс, 230 мың га егістік). Осыған байланысты ауыл шаруашылығы - Түркістан облысының қазіргі тұрмыс көзі болып есептеледі. Сондай-ақ Созақ, Отырар, Бәйдібек аудандарында мал жайылымдары өте көп. Жалпы, 4 миллион гектардан астам жайылымдық жер бар.
Соңғы дәстүр бойынша халық мал бордақылау кәсібіне көшкен. Әсіресе, Сайрам ауданының тұрғындары осыған бейімделген.
Түркістан облысында, оның ішінде облыс орталығында туризм қарқынды дамиды деп күтілуде, сондай-ақ өнеркәсіп пен өңдеу саласы да қарқын алады. Облыста 2 млнға жуық халық бар.
Ал Түркістан – дайын туризм ордасы. Тіпті, «Жібек жолының» «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» тасжолының бойында тұр. Қалыптасқан қатынас жүйесі бар. Сондықтан Түркістанның жеткілікті менеджмент жүйесі мен қолайлы инфрақұрылымын жасау керек. Экономика жақсарса, халықтың демографиялық өсімі артады, тұрмысы жақсарады. Демек, бұл қазақ қоғамы үшін – экономикалық, саяси, рухани үшжақты пайдасы бар шешім.
Түркістан қаласында өнеркәсіп саласы да дамып келеді. Аймақта өңдеу өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру және азық-түлік өнеркәсібі кеңінен таралған. Сонымен қатар, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары қала экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік береді. 2023 жылы Түркістан облысына тартылған инвестиция көлемі 20%-ға өсіп, бұл жаңа өндіріс орындарын ашуға жағдай жасады.
Қаланың инфрақұрылымдық дамуы – экономиканың басты қозғаушы күші. Жаңа жолдардың салынуы, әуежай мен теміржол желілерінің кеңеюі Түркістанды елдегі маңызды көлік және логистика орталығына айналдырып келеді. Әсіресе, халықаралық қатынас үшін маңызды әуежайдың құрылысы мен "Түркістан – туристік хаб" жобасы қаланың экономикасын жаңа деңгейге көтеруде.
Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы соңғы жылдары үлкен жетістіктерге жетіп, жаңа деңгейге көтерілді. Туризм, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және инфрақұрылымдық даму салаларындағы табыстар қаланың болашағына үлкен сенім ұялатады. Түркістан Қазақстанның экономикалық орталығы ретінде аймақтың ғана емес, елдің дамуына елеулі үлес қосатын айрықша қалаға айналуда.
2025 жылы халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді орындау үшін 6 трлн теңге қарастырылды. Ол көмекті алушылар саны шамамен – 5 млн адам. Сонымен бірге Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері өсті. Бұл қолдаулар демографиялық өсімі жоғары Түркістан облысының тұрғындарына да оң әсерін тигізеді. Өңірде мемлекеттік міндеттемелерді орындау, әлеуметтік қолдау көрсету бағытында жүйелі жұмыс атқарылуда. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың айтуынша, халықты әлеуметтік қамсыздандыру саласында тиісті шаралар қолға алынған. Әсіресе, жұмыспен қамтуға басымдық берілген.
– 2024 жылы 216 мыңнан аса адамды түрлі әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етуге бюджеттен 12,2 млрд теңге бөлінді, 46,7 мың баланы қосымша әлеуметтік төлеммен қамтамасыз ету жоспарланды. Оның ішінде былтыр 94,8 мың адамға, яғни, 15,8 мың отбасыға 6854,2 млн теңгеге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, аз қамтылған азаматтардың үлесі облыс халқының 4,4%-ын құрады. АӘК алушылардың еңбекке қабілетті 19,3 мың адамы жұмыспен қамтылды. Биыл аз қамтылған отбасылардың 1-6 жастағы 29,7 мың баласына 1193,2 млн теңге бөлініп, қосымша әлеуметтік төлем тағайындалды. Өңірде жұмыс орындарын ашу, тұрғындарды жұмыспен қамтуға басымдық берілуде. Әлеуметтік төлемдер, мемлекеттік қолдаулар тұрақты көрсетілуде, – дейді Бейсенбай Тәжібаев.
Жұмыспен қамту мәселелеріне тоқталсақ,
2025 жылға «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 125 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарланды. Оның ішінде жобамен 40 %-ы тұрақты жұмыс орындары болады деп күтіліп отыр. «Еңбек» бағыты бойынша 2025 жылға 32 млрд теңге қарастырылған. Атқарылатын жұмыстардың нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ды құрайды.
Аз қамтылған азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету жалғасады. 2024 жылы 15,8 мың отбасыға (94,8 мың адам) 6 854,2 млн.теңгеге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. 2023 жылмен салыстырғанда аз қамтылған азаматтардың саны 63 мың адамға немесе 60,1%-ға азайды, ал кедейлік деңгейі 3% төмендеді.
2025 жылы 76,2 мың адамды атаулы әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етуге бюджеттен 10,6 млрд теңге бөлінді. Аз қамтылған азаматтардың санын 2024 жылмен салыстырғанда 20 %-ға және кедейлік деңгейін 3,5 %-ға төмендету жоспарлануда.
Түркістан облысында 99 800 мүгедектігі бар адам есепте тұр. Ол республикадағы мүгедектігі бар адамдардың 14%-ын құрайды. 2024 жылы облыста мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету үшін барлық деңгейдегі бюджеттер есебінен 17,1 млрд теңге бөлінген. Қаралған қаржылар есебінен 67 мыңға жуық техникалық оңалту құралдары мен қызметтер ұсынылды. Бұл мақсатта 2025 жылы 13 млрд теңге қаржы қарастыру жоспарланып, қажеттілікті толығымен орындау күтілуде.
Түркістан облысында 220 мыңға жуық зейнеткер тұрады. Жыл сайын 8 мыңдай зейнеткер сауықтыру орындарында демалыспен қамтылады.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.