Түркістан облысы – қазақы салт-дәстүрдің қаймағы бұзылмаған, отбасы институты ерекше қадірленетін аймақтардың бірі. Бұл өңірде отбасы ұғымы тек шағын әлеуметтік бірлік емес, ұлттық мәдениеттің, ұрпақ сабақтастығының және адамгершілік құндылықтардың негізі ретінде қарастырылады,- деп хабарлайды turkistan.today
Түркістан облысында 2024 жылы жастар және жас отбасылар арасында отбасылық рухани құндылықтарды дәріптеу мақсатында "Мерейлі отбасы - 2024" ұлттық байқауы өткізу жоспарланып отыр екен. Осымен тоғызыншы рет өткізілетін байқауға облыс көлемі бойынша 131 жанұя өтініш білдіріпті.
Түркістан облысы әкімінің отбасы және әйелдер істері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Инара Намазбаеваның сөзінше, “Мерейлі отбасы” дәстүрлі отбасы құндылықтарын, бала алдындағы жауапкершілік пен үлкенді құрметтеуді насихаттайтын жоба.
“Жоба әртүрлі отбасылардың тұрмыс-тіршілігі мен дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасауға атсалысады. Сондай-ақ елімізде бұрыннан қалыптасқан ұлттық және отбасылық құндылықтарды насихаттауға үлес қосады. "Мерейлі отбасы" – ұзақ мерзімді бағдарлама. Ол бірнеше жыл бойы жүзеге асады. Бұл Қазақстанда неғұрлым әділ және гүлденген қоғам құру жолындағы маңызды қадам”, – деді Намазбаева.
Айта кетейік, “Мерейлі отбасы” жобасы 2023 жылы да жақсы нәтижелерімен қуантты. Мысалы, өткен жылы аталған бағдарламаға қатысуға 143 отбасы өтініш білдірген.
Республика көлемінде айрықша сипатқа ие болған жобаның бірінші кезеңінде 31 отбасы жеңімпаз атаныпты. Бүгінгі отбасылардың ерекше үлгісіне айналып, өзгелерге үлгі болған отыз бір отбасының ішінде 6 жанұя оза шығып, облыс бойынша үздік отбасы атағын алған.
“Мерейлі отбасы” байқауының нәтижесі бойынша, Төлеби ауданындағы Әбілдаевтар әулеті бірінші орынды иеленген. Аталған әулеттің келіні Гүлжазира Оңалбаеваның сөзінше, атасы Әбілдаев Сәбит 88 жаста, ал әжесі Айымжан 80 жаста екен. Осы кісілердің тәлім-тәрбиесінің арқасында өнегелі отбасыға айналып отырмыз дейді.
"Төле би ауданы, Леңгір қаласында тұрамыз. Ата-енем 40 жыл мұғалім болған. Атам Әбілдаев Сәбит 88 жаста, енем Әбілдаева Айымжан 80 жаста. Ата-енем жеті бала-шағаны өсіріп, жетілдірген. Қыздарының барлығы ұстаз. Ал ұлдары әртүрлі салады қызмет істейді. Осы әулеттің екінші баласы менің жолдасым. Екеуміз бес баланы оқытып, тәрбиеледік. Барлығы оқыған, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар. Біздің отбасының басты құндылығы ынтымақтаса, бірлесіп, сүйіспеншілікпен, құрмет және сыйластықпен өмір сүру”, – дейді Оңалбаева.
Айтуынша, байқауға қатысуға Төле би ауданы әкімдігі ұсыныс жасаған екен. Сосын бағымызды сынап көрдік дейді.
Сонымен қатар, аталған байқаудың 2023 жылғы қорытындысына сәйкес, екінші орынды Түлкібас ауданынан Айтбаевтар отбасы мен Түркістан қаласынан Бейсенбаевтар отбасы иеленген. Ал 3 орынды Қазығұрт ауданынан Смаиловтар отбасы, Шардара ауданынан Ақжаровтар және Сарыағаш ауданынан Ергешовтер отбасы бөліскен екен.
"Мерейлі отбасы" жобасы 10 жылдан бері республикалық деңгейде тұрақты түрде өткізіліп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отбасы құндылықтарын нығайтудың маңыздылығына ерекше көңіл бөлетіні белгілі. Себебі, қазақ елі үшін отбасы – киелі ұғым, қастерлі құндылық. Адам тәрбиесінің негізі отбасында қаланады.
Облыс бойынша бұдан бөлек отбасылық құндылықтарды қалыптастырып, нығайту мақсатында 2024 жылға арналған іс-шаралар жобасы бекітілген. Іс-шаралар қатарында, жас жанұялар арасында зорлық-зомбылықты болдырмау және алдын алу мақсатында "Зорлық-зомбылықсыз Қазақстан", "Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ", "Біз бақытты баламыз" тақырыптарында төрт дөңгелек үстел, төрт семинар-тренинг және үш кездесу ұйымдастырылыпты. Аты аталған жобаларға 348 жас пен 34 ата-ана қатысыпты.
Сондай-ақ биыл аудан, қала көлемінде отбасын жаңа құрған жанұяларға отбасылық құндылықтардың маңыздылығын түсіндіру, отбасы беріктігін сақтау, ажырасу, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелерінің алдын алу мақсатында "Шаңырақ" жобасы ұйымдастырылыпты. Аталған жоба барысында семинар-тренинг өткізілмек.
Сондай-ақ енді ғана отау құрып, шаңырақ құрған жанұялар арасында отбасы күніне орай жастарды салт-дәстүрге баулу, тұлғалық даму және өзін-өзі тəрбиелеу, дамыту қабілеттерін қалыптастыру мақсатында "Бақытты отбасы – бақытты ел" тақырыбында семинар-тренинг ұйымдастыру жоспары бар екен.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.