23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауы Қазақстанның саяси дамуындағы жаңа кезеңнің бастамасы ретінде қарастырылып отыр. Сарапшылардың пікірінше, бұл науқан жаңа Конституция аясында қалыптасатын бір палаталы Құрылтайдың алғашқы құрамын анықтайды. Бұл туралы turkistan.today, egemen.kz сілтеме жасап хабарлайды.
Астана қаласындағы өзбек этномәдени орталығының төрағасы, Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшесі Шерзод Пулатовтың айтуынша, еліміздегі қос палаталы Парламент ұзақ жылдар бойы құқықтық жүйені дамытуға және мемлекеттік институттарды қалыптастыруға елеулі үлес қосты. Дегенмен қазіргі реформалар заң шығару жүйесін заман талабына бейімдеуге бағытталған.
«Парламент жұмысының нәтижелілігі оның екі немесе бір палаталы болуына ғана байланысты емес. Ең маңыздысы – депутаттардың кәсіби деңгейі, сарапшылар мен қоғам пікірінің ескерілуі және ашық саяси пікірталас мәдениетінің қалыптасуы әрі заң жобаларының сапалы әзірленуі.»
Оның айтуынша, алдағы сайлау тарихи маңызға ие.
«Сондықтан бұл – кезекті электоралдық науқан емес, бұл – Қазақстанның саяси және құқықтық жүйесінің жаңа институционалдық кезеңге қадам басуы.»
Сарапшы бірыңғай жалпыұлттық округ бойынша өтетін сайлау партияларға қоғамның түрлі әлеуметтік топтарының ұсыныстарын бір бағдарламалық платформаға топтастыруға мүмкіндік беретінін айтты.
Саяси партиялардың бірігуіне қатысты пікір білдірген Шерзод Пулатов мұндай шешімдердің тиімділігі нақты нәтижемен өлшенуі тиіс екенін жеткізді.
«Аталған фракцияның «Әділет» партиясының құрамына қосылу шешімі, бұл – саяси күштердің жаңарған құндылықтар мен ортақ стратегиялық мақсаттар төңірегінде топтасуға ұмтылысы. Әйтсе де, кез келген бірігудің құндылығы оның атауынан немесе ұйымдастыру тәртібінен емес, нақты нәтижесінен көрінеді.»
Ол жаңа Құрылтай қоғам мен билік арасындағы байланысты күшейтетін тиімді алаңға айналуы қажет деп есептейді.
«Қоғам мен билік арасындағы диалогтың неғұрлым сапалы болуы – партиялардың бағдарламалары мен депутаттық сауалдарда және парламенттік бақылау тетіктерінде – ел тұрғындарының ұсыныстары қаншалықты көрініс табуына байланысты болады. Сондықтан жаңа Құрылтай қоғамдық пікірді тек тыңдайтын емес, оны нақты заңнамалық шешімдерге айналдыратын институционалдық алаңға айналуы тиіс.»
Шерзод Пулатов азаматтық қоғам өкілдерімен кездесулер барысында тұрғындардың реформаларға қызығушылығы жоғары екенін айтты.
«Мұндай сұрақтардың алға тартылуы – қалыпты әрі пайдалы құбылыс. Өйткені қоғамдық сенім – түсіндіру жұмыстарымен ғана қалыптаспайды. Қоғамдық сенім – жаңа институттың нәтижесі мен ашықтығы және қоғам алдындағы жауапкершілігі арқылы нығаяды.»
Сонымен қатар ол Құрылтай мен Халық кеңесі арасындағы байланысты нығайту қоғамдық бастамалардың заң шығару процесінде кеңінен ескерілуіне мүмкіндік беретінін жеткізді.
«Құрылтай мен Халық Кеңесі арасындағы байланысты күшейту – азаматтық қоғамның әлеуетін тиімді пайдалануға, қоғамдық бастамалардың заң шығару барысында жан-жақты қаралуына және азаматтардың үні мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісінде кеңінен естілуіне ықпал етеді.»
Сөз соңында сарапшы жаңа мемлекеттік модельдің негізгі мақсаты құқық үстемдігін нығайту мен азаматтардың мүддесін қорғау екенін атап өтті.
«Түпкі мақсат – жаңа Конституцияда бекітілген қағидаттарды нақты заңнамалық және институционалдық тетіктер арқылы жүзеге асырып, құқық үстемдігіне негізделген, әділетті, қоғамдық келісімі берік және адам мүддесін басты орынға қоятын мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі дамыту.»
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.