Түркістан облысындағы отбасылық құндылықтарды сақтау мен дамыту бағытында соңғы жылдары бірқатар маңызды шаралар жүзеге асырылды. 2024–2025 жылдары қабылданған мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар өңірдегі отбасы институтын нығайтуға бағытталған,- деп хабарлайды turkistan.today
Жыл сайын 15 мамырда Халықаралық отбасы күні атап өтіледі. Бұл күн 1993 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы отбасының маңызды рөлі туралы хабардар ету және оның қоғамға қосқан үлесін бағалауға мүмкіндік беру үшін белгілеген.
«Қазақстандықтардың өмірінде отбасы ерекше орын алады. Мықты және бақытты отбасы – бүкіл қоғамымыздың, бүкіл мемлекетіміздің табысты дамуы мен өркендеуінің негізі. Отбасы институты еңбекқорлық, білімпаздық, тілектестік сынды «Адал азаматқа» тән қасиеттерді қоғамда жан-жақты дәріптеу арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосады. Әр отбасының әл-ауқатын жақсарту – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы негізгі міндеттің бірі», – деп атап өтті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Халықаралық отбасы күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі жыл сайын өтетін «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына өтінімдер қабылдауды бастады. Бұл конкурс адамгершілік қасиеттерді жандандыруға, отбасы мәртебесі мен құндылықтарын арттыруға бағытталған. Бүгін барша әлем Халықаралық отбасы күнін атап өтуде. БҰҰ Бас ассамблеясы осыдан 31 жыл бұрын отбасының қоғамдағы рөлі мен маңызын арттыру үшін бұл мерекені белгілеген болатын. Әрине, адам өмірі отбасыдан басталады. Онда оның балалық шағы, тұлға болып қалыптасу жолы өтеді. Сондықтан отбасы – махаббат пен құрметтің, ынтымақтың ұясы болып қала берері анық. Ал адам онсыз өмір сүре алмайды. Қазақстан халқы үшін отбасының орны ерекше. Отбасы – өмірдің негізгі құндылықтарының, мәдениетінің, ұрпақ сабақтастығының сақтаушысы. Ең бастысы – бәріміз үшін отбасы тұрақтылық пен дамудың негізі, — деп атап өтті Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Иә, ұлы жол – отбасы табалдырығынан басталады. Отбасы – адам баласының өсіп-өнер, қаз тұрар, қанат қағар ұясы, алтын бесігі. Тәрбиенің кілті – отбасының өмір тіршілігіне байланысты. Әсіресе, ата-ананың адамгершілік бейнесі – балаларды тәрбиелеудің негізгі көзі.
Отбасы, адалдық және махаббат – әр адамның өміріндегі ең маңызды құндылықтар. Адамның өмір жолы отбасынан басталады: туылу, тәрбиелеу, құндылық бағдарлары мен көзқарастарын қалыптастыру, дәстүрге баулу, рухани-адамгершілік даму. Сол себепті отан ең бірінші отбасынан басталады. Оны ата-бабаларымыз жете түсіндіріп, үнемі естен шығармаған.
Әр халықтың отбасы тәрбиесінің өзіндік мәдени құндылықтары бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктері арқылы қалыптасады. Қазақтың отбасы тәрбиесінің ерекшелігі оның халықтық педагогикалық мұрасының мазмұны мен түрлерінен көрінеді. Қазақ отбасының маңызды ерекшеліктерінің бірі – бала тәрбиесіне қатысты «ұл мен қыз тәрбиесі» деп қарау. Қазақ болмысында отбасы иелері ең алдымен ұл-қыздарының алдында білімді, өнегелі, әдепті, үлгілі болуға тырысқан. Мұның басты себебі – «Ұлдың ұяты – әкеде, қыздың ұяты – шешеде».
Ата-бабаларымыздың «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген мақалының да үлкен мәні бар. Баланың алғашқы идеалы – ата-ана. Жарық дүниеге келіп, көзін ашқаннан көрген, аялы алақанына салып, ақ сүтін берген әке мен ана – баланың басты үлгісі. Өзінің өмірлік тұлғасының моделін де сол шаңырақтың тірегі мен отбасының ұйытқысына қарап қалыптастырады.
Бала тәрбиесіндегі алғашқы ұстаз – ата-ана. Бала үшін ата-анадан артық тәрбиеші жоқ. «Отбасында берілген тәрбие жігеріңді құм қылып жерге қаратпасын десең, балаға кішкентайынан түзу тәрбие бер» деп ата-бабамыз мұра етіп қалдырғандай, бала тәрбиесіне дер кезінде көңіл бөлу ата-анаға міндет.
Әрбір халықтың тәрбиелік мұрасы – ұлттық мәдениеттің маңызды белгісі. Ұлттық тәрбиенің эмоционалдық әсері зор. Сондықтан да халықта «Баланы атаның баласы етіп емес, адамның баласы етіп тәрбиеле» деген сөз бар. Бұл қазаққа тән ізгі қасиеттер мен ұлттық болмыстың қалыптасып, халқымыздың дүниетанымының тәжірибесін жалғастыру деген сөз.
Отбасы тәрбиесінің артықшылығы дәл осы қарым-қатынастарда жатыр, оларды тәрбиенің ешбір түрі алмастыра алмайды.
Әр отбасының өзіндік ерекшелігі, өз заңы, тәртібі бар. Сол заңдылықтар ұлттық құндылықтарға сай құрылса құба-құп. Жалпы, отбасы институты – үнемі зерттеуді қажет ететін, бір жаңалығы екіншісімен тығыз байланысты өрбитін сала. «Ата – бәйтерек, бала – жапырақ» деген ұғымның мәніне үңілер болсақ, атаның, әкенің отбасындағы рөлі өз-өзінен айқындалып шыға келеді. «Бәйтерек» сөзі «зәулім ағаш» деген мағынаны білдіреді. Оның атаға, яғни ер кісіге қатысты теңеу ретінде айтылуы әкенің отбасындағы рөлін айқындап, ер азаматтың «үлкен адам», басты тірек екендігін дәлелдей түседі. Ал әке бауырында жайқалып өскен жапырақтың болашақта үлкен діңгекке, діңі берік ағашқа айналуы атасынан алған тәрбиеге, сусындаған нәріне байланысты.
Халқымыздың рухани байлығының бірі – отбасы құндылықтары десек қателеспейміз. Мемлекет дегеніміздің өзі сол жекелерген отбасылардың қосындысынан құралады. Елдің келешегі әр отбасында тәрбиеленіп өскен азаматтарға байланысты. Ендеше отбасы құндылықтары әрқашан елдің де, биліктің де назарында болуы тиіс. Отбасы құндылықтары дегеніміз не? Оған қандай принциптерді, қасиеттерді жатқызуға болады?
Отбасылық құндылықтар қоғамның негізгі құрамдас бөлігі болып табылады және мәдениет пен адамгершілікті қасиетті қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Құндылықтар отбасы ішіндегі қарым-қатынас пен отбасы мүшелерінің өзара байланысын реттейтін принциптер, сенімдер мен нормалар жиынтығы деуге болады.
Отбасы құндылықтары бала тәрбиесінен бастап ересек отбасы мүшелерінің қолдауы мен құрметіне дейінгі барлық дүниеден көрінеді.
Отбасы құндылықтарының бірі – жанұядағы адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен қамқорлығы, махаббаты. Отбасының негізін, шындығында, махаббат сезімі құрайды. Бұл дегеніміз отбасы мүшелерінің бір-біріне көңіл бөлуі, қамқорлық жасауы, қолдау көрсетуі және отбасы мүшесін қандай кемшілігімен болса да қабылдай білу. Махаббат бар жерде өзара үйлесімділік, эмоционалды күшті байланыс, әрі бақытты отбасы болуға деген ұмтылыс болады.
Екінші маңызды отбасылық құндылық – құрмет көрсету. Сыйластық – әр отбасы мүшесін жеке тұлға ретінде мойындау, олардың пікірлерін, тілектері мен қажеттіліктеріне құрметпен қарауды қамтиды. Сыйластық бағаланатын отбасында ашық диалог болады. Ондай отбасы өзара түсінісіп, адамның ерекшелігін, айырмашылығын қабылдай біледі. Әрбір отбасы мүшесінің жеке шекарасын, мәдени және діни дәстүрлерін құрметтеу – сенімді қарым-қатынас орнатуға және бірлікті нығайтуға ықпал етеді.
Сенім – бұл отбасылық үйлесімділікті сақтауда маңызды рөл атқаратын үшінші отбасылық құндылық болып саналады. Бұл – отбасының әрбір мүшесі басқа мүшелердің қолдауы мен оны ешқашан жолда тасмайтынына сене алатынын білдіреді. Сенім бар жерде адамдар өз ойлары мен сезімдерін ашық білдіре алады деген сөз, яғни қауіпсіздік атмосферасын құрылады. Сенім, сонымен қатар, эмоционалды байланыстың дамуына ықпал етеді әрі кикілжіңдерді бейбіт түрде ақылға салып шешуге көмектеседі.
Бақытты отбасына байланысты тағы бір құндылықтың бірі – жауапкершілік. Жауапкершілік әр отбасы мүшесінің отбасы өміріне өзара қатысуы мен қосқан үлесінен тұрады. Бұл өз міндеттерін орындауды, басқа отбасы мүшелеріне көмектесуді және олардың шешімдері мен әрекеттері үшін жауапкершілікті қабылдауды қамтиды. Жауапкершілік отбасы ішіндегі сенімділік пен меншік сезімін дамытуға ықпал етеді.
Білім мен дамуды қатар алып жүру де маңызды отбасылық құндылықтар болып табылады. Білімді бағалайтын отбасы өз балаларын немеме басқа мүшелерін үнемі оқытуға және дамытуға баса назар аударады. Білімге ұмтылуын, мектептер мен университеттерге баруын және білім беру процестеріне белсенді қатысуын ынталандырады. Білім отбасының әр мүшесінің жеке дамуына ғана емес, сонымен бірге өмір сапасын жақсартуға көмектеседі.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.