Отбасы – қоғам тірегі: Түркістан облысындағы отбасылық құндылықтарды дамыту

Түркістан 9 қыркүйек, 2025

Түркістан облысы – Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан, бай тарихи және мәдени мұрасы бар аймақ. Бұл облыс отбасылық құндылықтарды сақтау мен дамытуға ерекше мән береді. Отбасы – қоғамның негізгі ұясы, ал оның құндылықтары ұлттық тәрбие мен мәдениеттің негізі болып табылады. Түркістан облысында отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған түрлі шаралар мен бағдарламалар жүзеге асырылуда,- деп хабарлайды turkistan.today

 

ERNUR.KZ мәліметінше, Түркістанда облыстық «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Түркістан қаласында «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Бұл байқау 12 жылдан бері республикалық деңгейде тұрақты түрде өткізіліп келеді. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, жеңімпаздарға құрмет көрсетті. – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отбасылық құндылықтарды нығайтудың маңыздылығына жиі тоқталып келеді. «Мерейлі отбасы» байқауы – тек үздік отбасыларды анықтайтын жарыс қана емес, бұл – отбасы құндылықтарын насихаттап, ұрпақ тәрбиесіне, ұлттық тәрбиеге үлкен үлес қосып жүрген отбасылардың еңбегін елге танытатын үлкен алаң. Түркістан облысы 500 мыңнан аса отбасы қоныстанған өңір ретінде демографиялық өсімі ең жоғары аймақ болып есептеледі. Осы отбасылардың ұйытқысына айналған 187 мыңнан аса көпбалалы аналарымызды мақтанышпен айта аламыз, – деді Ертай Кенжебекұлы. Жалпы конкурсқа 198 отбасы өтінім берген. Аудан, қалалық деңгейде ұйымдастырылған байқаудың алғашқы кезеңінде 27 отбасы жеңімпаз атанды. Ал, бүгін облыс бойынша үздік деп танылып, жанұядағы жарасымдылық пен өзінің қарым-қабілеттерімен ерекшеленіп, ұрпақтар сабақтастығының қайталанбас үлгісін көрсеткен 3 үздік отбасы жүзден жүйрік шығып, «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық конкурсының облыстық кезеңінде топ жарып отыр. Конкурс қорытындысына сәйкес 1 млн. теңге қаржылай жүлдесімен I орын Молдабековтер отбасына (Сауран ауданы) бұйырды. II орынды Ширимбаевтар отбасы (Түлкібас ауданы), III орынды Рысбековтер отбасы (Келес ауданы) иеленді. Жеңімпаз отбасындағы Нұрмахан Молдабеков 90 жаста. Сауран ауданы, Майдантал ауылдық округі, Ынталы елді мекенінде дүниеге келген. Зейнеткер, тыл ардагері. Жұбайы Оңласын Жүсіпбаева зейнеткер, «Алтын алқа» иегері. Үлгілі отбасы 2 ұл, 7 қыз, 35 немере, 23 шөбере сүйіп отыр. Айта кетсек, облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен шараның мақсаты – қоғамда отбасы институтының рөлін нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және өз ісінде өнеге болған, үлгілі отбасыларды насихаттау.

Түркістан облысының Келес ауданында үй кезегінде тұрған 104 отбасы биыл баспаналы болады. Аудан орталығы Абай ауылында былтыр 500-ге жуық тұрғынның әрқайсысына 10 сотықтан жер берілді. 

Президенттің ауылдарды дамыту, тұрғын үймен қамту және инфрақұрылымды жақсарту жөніндегі тапсырмасы аясында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. 

Абай ауылының тұрғыны Ербол Нарбайұлы 7 жыл бұрын жер кезегіне тұрған. Көпбалалы отбасы осы күнге дейін дейін  ата-анасының шаңырағында тұрып келген. Былтыр кезегі келіп, 10 соток жерге ие болды.

Ербол Нарбайұлы, Абай ауылының тұрғыны:

- 2024 жылы кезегің келді деп шақырды. Үйдің құжаттарын дайындап, үй салып, көтеріп жатырмын. Ауданымызға рахмет, үлкен көмек болды. Жас отбасыларға осындай көмек беріп, жер бергеніне алғысым шексіз.

Былтыр аудан орталығы Абай ауылында 96 гектар жер телімі тұрғын үй құрылысына бөлініп, кезекте тұрған 484 азаматқа үлестірілді. Биыл баспана кезегінде тұрған, әлеуметтік жағынан аз қамтылған 104 отбасыға жеке тұрғын үй салынды.

Асылбек Жұманов, Абай ауылының әкімі:                              

- Ол көпбалалы, мүгедектігі бар, осал топтағы азаматтарға беріледі. Қазіргі таңда құрылысы аяқталды. «Отбасы» банк арқылы пайлануға беру жоспарлануда.

Бұдан бөлек аудан орталығында 2 қабатты 22 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оның 16-сы биыл пайдалануға беріледі. Ал әлеуметтік дамыту орталығы мен жаңа мұражай және «Келешек мектебі» жыл соңына дейін тапсырылады деп күтілуде.

Жүсіп Ыбыраев, Абай ауылы Ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Газдандыру мәселесі ауданымызда толықтай шешілген. Көшелерімізге түгел асфальт төселді. Жарықтандыру жұмыстары жүргізілген. Жайлы мектеп, спорт кешені, мәдениет үйіміз күрделі жөндеуден өтіп, халыққа қызмет көрсетіп жатыр.

Ауыл тұрғындары жаңа үйлердің бой көтеріп, инфрақұрылымдық жүйелердің дамуы, жолдардың жөнделуі - ауыл халқының өмір сүру деңгейін жақсартып, жастардың елде қалып, еңбек етуіне үлкен мүмкіндік беретінін айтады. 

Түркістан облысы Сайрам ауданында Қазақстанның белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, тіл жанашыры Оразкүл Азанғазықызы қатысуымен қоғамның өзекті мәселелеріне арналған «Отбасы берекесі»  тақырыбында форум өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Форумда Оразкүл Асанғазықызы сөз сөйлеп, Мемлекет басшысының отбасы институтын нығайту, демографиялық дамуды қолдау, тұрмыстық зорлық-зомбылықты жою бағытындағы жасаған әрекеттерін атап өтті. Сондай-ақ, мемлекет қайраткері әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – әрбіріміздің ортақ парызымыз екендігін айтты. Мемлекет заңнамалық тұрғыда қорғау шараларын қабылдағанымен, азаматтық қоғамның бұл процесте белсенді рөлі болуы керек екенін ескертті.

Аудан әкімдігінің мәліметінше, форум барысында отбасылық құндылықтар мен ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлі туралы пікір алмасулар болып, қатысушылар сұрақтар қойып, жауаптар алды. Сондай-ақ, арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылды. Онда Оразкүл Асанғазықызының “Отбасы берекесі” атты жаңа кітабының таныстырылымы өтті.

Аталған рухани құндылықта отбасы институтының мәні, оның қоғамдағы орны, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастар, отбасы мүшелерінің бір-біріне деген жауапкершіліктері мен сүйіспеншілік туралы жазылған.

Қатысушылар форумның маңыздылығын атап өтіп, оның отбасылық құндылықтарды насихаттау, қоғамда зорлық-зомбылықтың алдын алу, балалар мен әйелдердің құқықтарын қорғау тұрғысынан үлкен ықпалын тигізетінін айтты. 

Ұқсас жаңалық

Редакциямен байланыс

Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе

info@turkistan.today

Әлеуметтік желілер
Біз туралы

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024

Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.

Яндекс.Метрика newsroom.kz

© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.