Астанада өткен құрылтай съезінде жаңадан құрылған «Әділет» партиясы өзінің саяси бағытын таныстырып, Президент реформаларын қолдайтынын мәлімдеді. Партияның негізгі ұстанымдары ретінде әділдік, заң үстемдігі және қоғамдық жауапкершілік аталды.
Елордада «Әділет» саяси партиясының құрылтай съезі өтті. Іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен келген мыңға жуық делегат қатысты. Съезд барысында жаңа партияны ресми құру туралы шешім қабылданып, оның бағдарламасы мен жарғысы бекітілді.
Дауыс беру нәтижесінде партия төрағасы болып Айбек Дәдебай сайланды. Сондай-ақ партияның саяси кеңесінің құрамы анықталып, оған 30 адам кірді.
Айбек Дәдебай өз сөзінде ұйым қызметі заң үстемдігі, тәртіп және әділет қағидаттарына негізделетінін айтты.
«Әділдік тек ұран емес, ол қоғам өмірінің күнделікті қағидатына айналуы керек. Азаматтардың заңға деген сенімі – мемлекеттің басты тірегі», – деді ол.
Партия бағдарламасында әділетті қоғам құру, тиімді мемлекеттік институттарды қалыптастыру, өңірлерді дамыту және адами капитал сапасын арттыру басты бағыттар ретінде көрсетілген. Сонымен қатар цифрландыруды дамыту, әлеуметтік қолдауды күшейту және «Таза Қазақстан» бастамасын қолдау мәселелері де қамтылған.
Съезде сөз сөйлеген саясаттанушылар мен бастамашыл топ мүшелері «Әділет» партиясы жаңа Конституция қағидаттарына сүйенетінін айтты. Олардың пікірінше, ұйым қоғамдық сұранысқа жауап беретін жаңа саяси алаң болмақ.
«Қазақ тілі» халықаралық қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы партияның басты мақсаты қоғамдағы әділеттілікке деген сұранысты күшейту екенін атап өтті.
Ал бастамашыл топ мүшесі Талант Омарбеков партияға қысқа уақыт ішінде 9 мыңнан астам адамның тіркелгенін айтты. Оның сөзінше, ұйымға қызығушылық танытып отырғандардың басым бөлігі – жастар.
«Жастар өзгеріс пен жаңа мүмкіндіктерді қалайды. Қазіргі буын саясатқа араласудың маңызын түсіне бастады», – деді ол.
Съезд қорытындысында партия өкілдері ұйымның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған реформаларды қолдайтынын мәлімдеп, қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған жұмыстарға басымдық беретінін жеткізді.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.