Серіктестер

Қазақстанда «Кітап оқитын ұлт» жобасының Қамқоршылық кеңесі құрылды

Мәдениет 31 наурыз, 2026

30 наурызда Астанада аясында маңызды кездесу өтті,— деп хабарлайды turkistan.today

Кімдер қатысты?

Қазақстанның көрнекті жазушылары мен ақындары – Төлен Әбдік, Роза Мұқанова, Қойшығара Салғараұлы, Алдан Смайыл, Қуаныш Жиенбай, Шәрбану Бейсенова, Оңайгүл Тұржан, Жанат Әскербекқызы, Мәди Айымбетов, Сауытбек Абдрахманов, Жанарбек Әшімжанов, Бауыржан Бабажанұлы қатысты.

2025 жылдың қыркүйегінде елдің бірнеше өңірінде пилоттық негізде іске қосылған «Кітап оқитын ұлт» жобасы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқитын ұлт қалыптастыру бастамасы аясында жүзеге асырылуда. Жобаның басты мақсаты – Қазақстанда тұрақты кітап оқу мәдениетін қалыптастыру.

Пилоттық кезеңнің алты айы ішінде Қарағанды, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласында жобаға 189 мың адам қатысты. Қатысушылар орта есеппен 10-15 кітап оқыған. Сондай-ақ жобаға қатысушылар күн сайын 30-50 бет оқу дағдысының қалыптасқанын, оның отбасылық кештердің, мектептегі талқылаулардың және тіпті жұмыс үзілістерінің бір бөлігіне айналғанын атап өтеді.

Жобаның алты бағыты негізгі жас және әлеуметтік топтарды қамтиды:

• Оқушылар «Кітап оқитын мектеп» бағыты арқылы қатысады. Мұнда 6-10 сынып оқушылары оқыған кітаптары негізінде викториналарда жарысады;

• Колледж және ЖОО студенттері «Кітап оқитын колледж» және «Кітап оқитын университет» бағыттары арқылы тартылады. Бұл бағыттарда пікірталастар ұйымдастырылады;

• Педагогтер «Кітап оқитын педагог» бағыты аясында командалық интеллектуалдық квиздерге қатысады;

• Отбасылар «Кітап оқитын әулет» бағыты арқылы қатысып, түрлі квиздерде бақ сынайды;

• Мемлекеттік қызметшілер «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» бағыты бойынша квиздерде жарысады.

Әрбір санат үшін 15 шығармадан тұратын арнайы тізімдер жасақталған. Бұл тізімдерде қазақ классикасы мен әлемдік бестселлерлер үйлесімді түрде қамтылған.

Жобаны одан әрі дамыту мақсатында «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры жанынан Қамқоршылық кеңесі құрылды. Кеңестің негізгі міндеттері – жобаның стратегиялық бағыттарын айқындау, қатысушыларға ұсынылатын әдебиеттер тізімін бекіту, сондай-ақ негізгі бастамалар мен іс-шараларды әзірлеу. Кеңес құрамына әдебиет пен мәдениетті дамытуға елеулі үлес қосқан белгілі жазушылар мен ақындар енді..

Кездесуге қатысушылардың пікірлері:

Жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Төлен Әбдік:

«Ілгері басқымыз келсе, сауатты болуымыз керек. Ал сауаттылық кітап оқудан басталады. Біз осындай бастамаларды қолдаймыз. Халық мүлде кітап оқымайды деп айтпаймыз, бірақ кітап оқымайтын, сирек оқитын топ өте көп. Осы жоба дәл соларға бағытталған».

Жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Роза Мұқанова:

«Қазақ халқы — тарихи тұрғыдан кітап оқитын ұлт. Ертеден ертегілер мен аңыздарға, батырлар жырына қанық болып өскен халықпыз, бұл — біздің тамырымыз, рухани негізіміз. Сол бай мұрамызды қайтадан жаңғыртып, келер ұрпаққа жеткізу — ортақ парызымыз».

Байқаудың финалдық кезеңдері 2026 жылдың сәуір айында өтеді. Оның қорытындысы бойынша өңірлердің үздік оқырмандары анықталады.

Ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап жоба республикалық деңгейге шығады. Оған 1 миллионнан астам қазақстандық қатысады деп күтілуде.

Ұқсас жаңалық

Редакциямен байланыс

Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе

info@turkistan.today

Әлеуметтік желілер
Біз туралы

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024

Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.

Яндекс.Метрика

© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.