Серіктестер

«Президенттің тұлпары»: ақын жүйрікті жырға қосты

Түркі әлемі Бүгін, 11:43

Ақын Мұхтар Кәрібай Мемлекет басшысының тұлпарына арнап «Президенттің тұлпары» атты өлең жазды.

Автор шығармасында қазақ даласындағы жылқының орны мен жүйріктің қасиетін арқау етіп, тұлпар бейнесін елдің үмітімен байланыстырады. Өлеңде Керқұла тұлпардың кең далада шауып, белестерді бағындырған бейнесі суреттеледі.

Президенттің тұлпары

Тамыздың саумал кешінде,
Даламның сайын төсінде,
Керқұла тұлпар заулады,
От ойнап аспан көзінде.

Жұлдыздай ағып шұрқырап,
Танаудан буы бұрқырап,
Барады самғап белеске,
Үмітін елдің арқалап.

Тұяғың талмай дүркіреп,
Жігерді қайрап сілкілеп,
Сүрінбей, талмай шабарсың,
Жұртымнан саған бір тілек.

Толқыған далам теңіздей,
Жылқы мен қазақ егіздей,
Жаһанға сені танытып,
Көшбасшың жүр көз ілмей.

Мұхтар Кәрібай
Ош қаласы

ТОПТАМА ЖИНАҒЫ:

 

 Әкемнің тақиясы

Көк тақия – көмескілеу, кестелі

Әкемнен қалған елеусіз ғана естелік

Тіршілік күйлеп дүние кезген ұлыңның

Жүгімен жүрсің жаманаттардан ескеріп

 

Көк тақия – көзіндей дана қартымның

Ғұмыр көшіне өсиеттеріңмен артындым

Түйсініп бірде, ұға алмай, бәлкім, қалдық-ау

Сөзіңде тұрған жалғанның мына бар шынын!

 

Көк тақия – соңғы кез киген әкемнің

Есімде жоқ – кімдер қайдан әкелді

Белгілісі – марқұм шебер шешемнің

Үлгісіне ұқсамайды, әттең-ді...

 

Көк тақия – белгісіндей жалғыздық

Ұмытып, кейде жуылмай да қалғыздық

Қосағың болса, жарқыратып  қояр-ау

Қауымда жүрген шырайын имам шалының

 

Көк тақия – ізіндейсің өткеннің

Бейдауа күндер иеңмен бірге өткердің

Өзегі болып таусылмас өмір-өзеннің

Ұрпақтарға аманат – жоғалмай сенің жеткенің! 

         Мұхтар Кәрібай

Ташкент қ., 2011 жыл, шілде.

 

Соңғы самурай

немесе соғыстан кейін отыз жыл шайқасқан

жапон солдаты туралы баллада

 

Отыз жыл қырғын соғыс біткеніне,

Адамзат бейбіт күндер кешкеніне,

Соғысып жүре берді жалғыз солдат,

Майданның тоқтағанын білмеді де

 

Онода – оның аты, жапон ұлы,

Филиппин ну орманы - жүрген жері

«Қасық қаның қалғанша шайқасасың»,-

Командир қаталдықпен деп бұйырды

 

Майор кетті хабарсыз, бұйрық қалды,

Барар жер басар тауы тұйықталды.

Күресін жалғастырды сонда дағы,

Қас жауынгер тәртіпті бұза алмады

 

Төсек қылып орманның топырағын,

Жастанып, жамылғы етіп жапырағын.

Онода – соңғы сарбаз, антқа берік,

Баптайды күндіз-түні оқ жарағын

 

Басқыншылық соғыстың ақыры аян,

Күш-жігер, арпалысың бәрі зая.

Жапония майданда тізе бүкті,

Атомнан миллиондары көзін жұмған

 

Өрлік, намыс, қайсарлық жетелеген,

Қаймықпай мақсатыма жетем деген,

Онода, Бақтығұлдың сыңары ма ең,

Қараштың құз-шыңдарын мекендеген

 

Отыз жыл содан бері жылжып өткен,

Майор да табылыпты сонау кеткен

«Онода, біз жеңілдік, таста қару»,-

Деп сарбазға соңғы рет бұйрық еткен

 

«Қалайша», - деп жауынгер еңіреді,

Жеңіске жетеріне сенімді еді.

Үміті алдамапты қарт сарбазды

Әлемге аты мәлім елін көрді

 

Ей, Онода – інісі Бақтығұлдың,

Қайраған рухымды – қос тұғырым,

Бабалар мұратынан айнымаған,

Ақ жолын менің де Елім тапты бүгін!

Ташкент, 30.09.2013 ж. 

 

Мұхтар Кәрібай

 

Өмір

Өмір деген – көкжиектен атқан таң,

Төңіректі боз мұнарға бөлейтін.

Өмір деген – жусан исі аңқыған,

Көкіректі кермек дәмі кернейтін.

 

Өмір деген – анаң берген қоңыр шай,

Таңдайыңнан тәтті дәмі кетпейтін.

Өмір деген – қорадағы қоңыр тай,

Әкең келіп өз қолымен ерттейтін.

 

Өмір деген – қазағымның даласы,

Қиырына қиял көзің жетпейтін.

Өмір деген – ағайын өкпе-наласы,

Алыста жүріп, жанынан сені іздейтін.

 

Өмір деген – тай құлындай достарың,

Балалық пен даналықты жалғайтын.

Өмір деген – жалт еткен сәт қас қағым,

Кейде, бәлкім, көрген түстей болмайтын.

 

Өмір деген – үзіліп түскен жапырақ,

Көктемде туып, күзде қурап солатын.

Өмір деген – бір-ақ уыс топырақ,

Туған жерден бұйырғаны болатын.

 

АРАЛҒА ОРАЛУ

Түлеп ұштық қасиетті Аралдан,

Алдымызда ақ тілек пен мол арман,

Біреу самғап алыстарға қол созды,

Біреу қимай, топырағын жаралған.

 

Перзенті едік біздер асау теңіздің,

Ақ көбікті толқыныңнан еміздің.

Қайтқан теңіз тастап кеткен сияқты-ау,

Түкпірінде жатқан мұңды көңілдің.

 

Енді міне, сарғайтып санамызды,

Отыз белес бөліпті арамызды.

Сағынышты сан жылғы бір басуға,

Құстай ұшып ауылға барамыз  біз.

 

Біздер кетіп ауылда қарттар қалған,

Сол даналар ұрпаққа үміт артқан.

Аға буын атандық өзіміз де,

Қара нардай қазақтың жүгін тартқан.

 

АЛТЫН БЕСІК

Алтайым, асқар тауым – алтын бесік

Толқымай тұралмаспын атыңды естіп.

Шыңдарың қиялыма қанат байлап,

Ұшырған мен перзентің  самғай есіп.  

 

Ақ бұлттар пәк төсіңді аймалаған,

Тәкаппар саф тыныштық айналада.

Ақиық қырандарға мекен болған

Өзіңдей алтын ұя қайда маған!

 

Қарағай, шыршаларың қалың орман,

Жұртыма нәубеттерден қорған болған

Асқар тау – алынбайтын алып қамал,

Батырлық, ерлік, өрлік сенен қалған.

 

Алтай-Саурық самалы ескен елім,

Айнакөл суларыңды кешкен елім.

Елбасы келешекке көшің бастап,

Азат, еркін – мерейің өскен елім!

 

Еңбекпен құрыш, темір құйған елім,

Төрт түлік, дән-дақылын жиған елім.

Ата жұртта көп ұлттың басын қосып,  

Береке ынтымаққа сиған елім.

 

Талдырмай кең даламның құт өзегін,

Ертіс, Үлбі – ерке аққан қос өзенім.

Шырайлы Шығысымның сом жүрегі,

Жайнай бер, жастық қалам - Өскеменім!

 Ташкент, 2010 ж.

 

АСҚАҚ ҮН

Қытайдағы ән сайысын ұтқан қандасымыз Тасқын бауырыма 

 

Дүние, тіршіліктің қалып бәрі,

Асқақ үн, азат әуен қалықтады

Аспан асты елінің қақ төрінде

Осылай қазақ әні шарықтады.

 

Таңғы шықтай даусыңнан құлақ тұнды,

Кеудеде сан-салалы сұрақ тұрды.

Тілімді білмегенмен, әуезді ұққан

Қытай қызы толықсып жылап тұрды

 

Еркіңнен тыс жанарың мөлт етті де,

Пернесі сезіміңнің селт етті ме,

Сенің де кеудеңдегі сағынышты

«Дудар-ай» мен сияқты тербетті ме?!

 

Өнердің құдыретін шын ұқтырды,

Шаттықтан өне бойым тұнып тұрды.

Мың тілде сөйлейтұғын адамзатты

Бір-ақ ән, бір-ақ сәтте біріктірді!

Ұқсас жаңалық

Редакциямен байланыс

+ 7 775 186 2113

Астана қаласы, Мәңгілік Ел көшесі, 8, 17В блок, 204-кабинет (Журналистер үйі)

info@turkistan.today

Әлеуметтік желілер
Біз туралы

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024

Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.

Яндекс.Метрика

© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.