Астанада жаңа Конституция жобасындағы отбасы мен неке институтына қатысты нормалар сарапшылардың талқысына түсті. Кездесу барысында қоғамдағы әлеуметтік өзгерістерге жауап беретін конституциялық тетіктер қарастырылды
6 ақпанда Астана қаласында «Отбасы өзгерістер кезеңінде: әлеуметтік трансформацияға конституциялық жауаптар» тақырыбында «SARAP» сараптамалық клубының отырысы өтті. Іс-шараны Қазақстанның қоғамдық даму институты Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырды.
Талқылауға Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері, академиялық орта өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, Астана қаласының Отбасын қолдау орталығының мамандары мен салалық сарапшылар қатысты.
Отырыстың негізгі тақырыбы Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы, соның ішінде неке, отбасы, ана, әке және баланы қорғау мәселелерін реттейтін 30-бап болды. Сарапшылар бұл нормаларды қазіргі әлеуметтік үдерістер, сондай-ақ қазақстандық қоғамдағы отбасылық және туыстық қатынастардың өзгерісін көрсететін социологиялық және демографиялық зерттеулер негізінде қарастырды.
Жиынның модераторы, Қазақстанның қоғамдық даму институтының төрайымы Жұлдызай Ысқақова жаңа Конституция жобасына отбасы мен неке мәселелерін реттейтін нормалардың енгізілуі некенің құқықтық мәртебесін айқындап, әлеуметтік өзгерістер жағдайында отбасы құндылықтарының жаңа бағдарын қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Отбасылық және гендерлік саясат саласындағы зерттеулер орталығының жетекшісі Ақнұр Иманқұл өз баяндамасында қазақстандық отбасының әлеуметтік портретін ұсынды. Оның айтуынша, отбасы институты әлсіреп жатқан жоқ, керісінше өзгеріске бейімделіп, дәстүрлі құндылықтар, гендерлік теңдік қағидаттары және тиімді әлеуметтік-экономикалық қолдау шараларына негізделген теңгерімді отбасылық саясатқа сұраныс қалыптастыруда.
Әлеуметтану ғылымдарының докторы, ҚСЗИ-дің бас ғылыми қызметкері Айгүл Забирова қазіргі таңда отбасы институтының әлеуметтік процестердің ықпалымен күрделене түскенін айтты. Ол жаңа Конституция жобасының 30-бабында некені ер мен әйелдің ерікті одағы ретінде бекіту құқықтық айқындықты қамтамасыз етіп, қоғамның өзекті сұраныстарына сәйкес келетінін атап өтті.
Ұлттық демограф-сарапшы Аяулым Сағынбаева балалардың некеде дүниеге келуінің маңыздылығына тоқталып, бұл олардың құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан қорғалуына ықпал ететінін жеткізді. Сондай-ақ оның пікірінше, отбасына қатысты нормаларда негізгі басымдық ерлер мен әйелдерге ғана емес, ең алдымен балалардың құқықтары мен әл-ауқатына берілуі тиіс.
Отырыс барысында отбасы институтының трансформациясы, мемлекеттің отбасылық саясатты қалыптастырудағы рөлі, конституциялық реттеу мен әлеуметтік тәжірибенің арақатынасы мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар институттарға қатысты конституциялық нормаларды талдауда эмпирикалық деректерді пайдалану қажеттігіне ерекше назар аударылды.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.