Бір ғана шілдеде Ресейде 5 мың полицей жұмысын тастап кетті

Бір ғана шілдеде Ресейде 5 мың полицей жұмысын тастап кетті

Ақпарат құралдарының жазуынша, Мәскеудің Украинаға соғысы басталғалы Ресейдің құзырлы органдарынан жұмыстан кеткісі келген қызметкерлер саны күрт өскен, деп хабарлайды Turkistan Today.

Себептері түсінікті: Кремль соғысты "арнайы операция" деп атағандықтан, оған негізінен күш құрылымдары тартылуға тиіс еді. Бұл жайт ресейлік құқық қорғау органдарының өкілдерін шошынтты. Дегенмен, 2022 жылғы 21 қыркүйекте Мәскеу мобилизация жариялап, майданға бүкіл халықты жұмылдыру нәтижесінде әскерге және күш құрылымдарына түсетін ауыртпалықтың бір бөлігін тұрғындарға артты.

Тағы бір себеп: В.Путиннің жарлығына сәйкес, күш құрылымдарының қызметкерлеріне шетелде демалуға шектеу қойылған. Олар РФ ішінде ғана тыныға алады. Салдарынан, полицейлер де шетелге шыға алмай қалды.

Бірақ соғыс басталғалы қанша полицейдің саптан кеткенін Ресей билігі жасырып келген.

Шыдамаса керек, РФ ішкі істер министрі Владимир Колокольцев өз ведомствосының жеке құрамының кадрмен жабдықталмауы, қызметкерлердің тапшылығы төтенше төмен жағдайға жеткенін айтып салды. Ол сарапшыларға жаға ұстатқан бір дерек келтірді: жалғыз ғана шілде айында 5 мың ресейлік полицей қызметін ары қарай жалғастырудан үзілді-кесілді бас тартып, жұмыстан кетіпті.

РФ ІІМ басшысы бұл туралы ішкі істер министрлігінің Магадан облысы және Севастополь қаласы бойынша аумақтық органдарының жаңа басшыларын таныстыру кезінде хабарлады.

"Түсінемін, кадрлар тапшылығы жағдайында қатарда қалған қызметкерлерге алапат жүктеме түсіп жатыр. Бізге "Санмен емес, біліктілікпен соғыс" ("Воевать надо не числом, а умением") деген қағидатты ұстануға тура келеді. Жеке құрамның қызметкерлермен жабдықталмау көрсеткіші өте үлкен. Мен оны тіпті төтенше төмен деп атап өтер едім. Бізде тек өткен айда ғана ішкі істер органдарынан бес мың қызметкер өз еркімен жұмысынан босады. Қиын ахуал туындауда. Соның ішінде Магадан облысында да күрделі. Тергеуші жаппай жетпей жатыр", – деп таусыла сөйледі Ресейдің бас полицейі Колокольцев.

Сөз түйінінде ол ресейлік полицейлердің әрқайсысына бірнеше адамның жұмысын атқаруға тура келетінін меңзеді.

"Тапшылық зор. Бірақ қалай болғанда біз осы тәуекелді төмендету үшін барлығын жасауға міндетті боламыз. Бірінші кезекте халықтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға деген сұранысын қанағаттандыруға тиіспіз", – деді РФ ІІМ басшысы.

Сарапшылар Ресейдің ақырындап, өткен ғасырдағы саяси қуғын-сүргін, репрессия заманына кері оралып бара жатқанына назар аудартады. Бұл жолы көршіде Z-идеологиялы тұрғындар соғысты қолдамайтын азаматтарға қарсы полицияға миллиондап домалақ арыз жаудыруда.  

Халықты жаппай қудалауда ішкі істер органдарының қызметкерлері басты рөлдердің бірін ойнайтыны мәлім. Ендеше осы түсінген бірқатар полицейлер соған ары мен қолын былғағысы келмесе керек.

Министр украиналық және шетелдік хакерлердің де ығыр еткенін жасыра алмады. Сондықтан ол ішкі істер органдары жұмысының басымдығы IT-қылмыспен күрес болатынын нықтады.

Ведомство басшысы өткен жылдың соңында ІІМ құрамында ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып жасалатын қылмыстармен күресті ұйымдастыратын арнайы басқарма құрылғанын еске салды. Енді өңірлерде ол басқарманың аумақтық бөлімшелерін құру жұмыстары жүргізілуде. Алайда тағы да бейінді мамандар жетіспей жатқан көрінеді.

Сол себепті министр "қолдағы ресурстарды максималды түрде жұмылдыру" талабын қойды. Сарапшылар осыдан ақпараттық технологиялар саласының мамандарына қауіп төнгенін байқапты. Өйткені ресейлік полицейлер жоғарыдан түскен тапсырманы орындау үшін айти мамандардың үстінен жалған іс қозғап, оларды өздеріне жұмыс істеуге мәжбүр етуі мүмкін.

Бұл ретте ІІМ "алаяқтар ресейліктерді диверсиялық қызметке тартудың жаңа тактикасын ойлап тапқанын" хабарлады. Оған сәйкес, шетелден қоңырау шалушылар алдымен алдау арқылы ресейліктердің жинағын ұрлап алады. Содан соң бүкіл қаржысынан түбегейлі айрылып қалмау және оны қайтару үшін белгілі бір тапсырманы орындауға міндеттейді. Ол тапсырма мысалы, әскери, көлік немесе банк инфрақұрылымы объектілерін өртеуді қарастырады.

Бұған қоса, ресейліктерге ақшалай сый үшін диверсия немесе теракт жасау ұсынысымен тікелей қайрылу практикасы да әшкереленген. Полиция шетелден түсетін ондай қоңырауларды уақытылы бұғаттауы шарт. 

Мұның бәрі ресейлік полицейлердің жүйкесін жұқартады.

Өз кезегінде Мәскеу репрессияның күшеюі аясында полицейлер қатарын өсіруге күш салуда. Бұдан бұрын, 2022 жылғы желтоқсанда Владимир Путин РФ Ішкі істер министрлігінің штат санын 2023 жылы 922 мыңға, 2024 жылы — 934 мыңға, ал 2025 жылы 938 мың адамға дейін өсіретін жарлық шығарды.

Осы орайда бір жайт тіксінтеді. Таяуда вдомстволық өзге оқу орындарының алды болып, Ресей Ішкі істер министрлігінің Мәскеу университеті түлектерін ұшырды. Оларды министр Колокольцевтің өзі салтанатты түрде шығарып салды. Салтанатты рәсім Қызыл алаңда ұйымдастырылды.

Биылғы жылы РФ ІІМ Мәскеу университетін 1 мыңнан астам маман бітірген. Рен ТВ хабарлауынша, түлектер арасында 26 шет мемлекеттің, негізінен көршілес ТМД елдерінің жастары бар.

Колокольцев оларға "Ресей алдында берген антқа және борышқа адал болуды, Ресейдің ұлттық мүдделері мен егемендігін қорғау жолында бар күш-жігерді жұмсауды" аманаттады.

Жалпы, Қазақстанның құзырлы органдары да өз мамандарын Ресейде даярлайды. Оларға Мәскеу тегін грант бөледі. Соғысқұмар көршінің идеологиясы Қазақстанның бейбітсүйгіш ұстанымына қайшы келіп тұрған заманда бұдан сақ болып, қазақстандық күш құрылымдарының лауазымды тұлғаларын Ресейде даярлау практикасын доғарған абзал болар.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like
0
dislike
0
love
0
funny
0
angry
0
sad
0
wow
0